Сарапшылар блогі

ECERS менің балабақшадағы сапаға деген көзқарасымды қалай өзгертті: білімнен тәжірибеге дейінгі жол

Менің атым Бекзат, қазір мен балабақшада әдіскер болып жұмыс істеймін. Мен ECERS шкаласы туралы алғаш рет 2021 жылы республика бойынша сапаны бағалау зерттеулері басталған кезде білдім. (Сол кезде біздің балабақша бұл зерттеуге қатысқан болатын). Сол кезеңнен бастап, балабақшамыздың кейбір топтарында түсінгеніміз бойынша өзгерістер енгізе бастадық. Алайда уақыт өте келе, балабақша басшысы маған сапаны жақсарту үшін шкаланы толығырақ зерттеу қажеттілігін айтып, ECERS бойынша оқудан өтуді ұсынды. Бұл ұсыныс менің кәсіби дамуыма және балабақшамыздағы білім беру ортасын жақсартуға үлкен мүмкіндік болды.
Осылайша, 2024 жылдың ақпан айында мен онлайн мектепте оқуды бастадым. Оқу процесі 4 айға созылды, және мамыр айында ол аяқталды. Маусым айында жоба қорғау кезеңінен өтіп, мен онлайн мектепте оқуды аяқтағанымды растайтын екі сертификат алдым. Алайда алған білімімді практикада қолдану әрдайым мүмкін бола бермеді. 2024 жылдың қараша айында мен мектепке дейінгі ұйымдардағы сапаны бағалау бойынша сертификаттауға қатысу мүмкіндігіне ие болдым. 4 күндік сертификаттау барысында біз әртүрлі балабақшаларды аралап, шкаланың барлық көрсеткіштерін өз тәжірибеміз арқылы өткердік. Практикада әртүрлі балабақшалардың қалай жұмыс істейтінін көріп, шкала арқылы біздің балабақшада үлкен өзгерістер жасауға және сапасын жақсартуға болатынын түсіндім. Сертификаттаудан өткеннен кейін мен шкаланы жақсырақ түсіне бастадым және оның әрбір көрсеткішінде не айтылатынын анық ұғындым. Ең бағалысы — қажетті балл жинап, сертификаттаудан сәтті өттім! Бұл маған әрі қарайғы жұмысымда үлкен сенім мен мотивация берді.
Қазіргі уақытта мен балабақшаның бір тобында сапаны бағалау жүргіздім (барлық топтарда өткізуді жоспарлап отырмын). Барлық топтарды бағалаудан кейін біз ортаға өзгерістер енгізу және шкала көрсеткіштерін жақсарту бойынша жұмыс жоспарын құруды бастаймыз. Сондай-ақ, екі тәрбиешіні оқуға жіберуді және балабақшаның екі тобында өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл басқа топтардың тәрбиешілері үшін үлгі болып, олардың осы деңгейге жетуге ұмтылуына түрткі болмақ.
Гаухар ханымға және сіздің командаңызға алған білімім мен практикалық тәжірибем үшін алғысымды білдіргім келеді!